Қарағандыда екі жұмысшы цехтың шатырында қарасора өсірген, деп хабарлайды Polisia.kz.
4 маусым күні Қарағандыда жедел-іздестіру шарасы барысында Қарағанды облыстық Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірінің аумағынан 36 және 41 жастағы екі ер адамды ұстады. Бұл тұлғалар ЖШС цехтарының бірінің шатырында заңсыз қарасора өсірген. Жалпы алғанда, полиция қызметкерлері 147 түпті тәркіледі.
Ұсталғандардың айтуынша, олар қарасораны өздері пайдалану үшін еккен. «Плантация» үшін ер адамдар цехтың төбесін ыңғайлаған. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 300-бабы 2-бөлігімен (Құрамында есiрткi заттары бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.