16 жел, 2022 сағат 11:06

Қарағанды облысында көпқабатты үйден өрт шығып, 6 адам қаза тапты

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі

Қарағанды облысында көпқабатты үйден өрт шығып, 6 адам қаза тапты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өрттің шығуына себеп болған жағдайларды зерттеу үшін оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов барған.

"16 желтоқсан сағат 01:51-де Теміртау қаласының Ақтау кентіндегі (жақын жердегі өрт сөндіру бөлімінен 27 шақырым жерде) 5 қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабар түсті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 02:25-те жетті. 1-қабаттағы 3 бөлмелі пәтерде 40 шаршы метр аумақта өрт шыққан. Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері келгенге дейін тұрғындар 5 адамның мәйітін (2007, 2010 ж.т. ұлдар, 1983, 1991 ж.т. әйелдер, 1991 ж.т. ер адам) кіреберістен көшеге алып шықты: зардап шеккен адамдар жоғарғы қабаттардағы пәтерлерден түтін басқан кіреберіс арқылы өз бетімен эвакуацияланбақ болған. Баспалдақ алаңында өрт болған жоқ, алайда түтін салдарынан тұрғындар далаға шығып үлгермеген.

Өрт сөндіру бөлімшелері барлау және жанып жатқан пәтердегі өртті сөндіру барысында алтыншы марқұмның (1977 жылы туған ер адам) денесі табылды. Үш адам әртүрлі дене жарақатын алған (ауырлығы орташа)", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ өрт сөндірушілер баспалдақ пен тыныс алу аппаратының көмегімен түтін басқан пәтердің кіреберісінен 10 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарған. Қабылданған шаралар нәтижесінде өрт 03:10-да оқшауланып, 04:00-де сөндірілген.


Өртті жоюға Қарағанды ​​облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 16 қызметкері мен 4 бірлік техникасы жұмылдырылған.

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Оқиға орнында сынақ өрт зертханасының мамандары мен тергеушілер жұмыс істеуде.

Өрт фактісі бойынша полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

"Өрт кезінде түтін басқан дәліздер немесе баспалдақтар арқылы эвакуациялауға әрекет жасау қауіпті екенін еске саламыз. Төтенше жағдайда түтін басқан бөлмелерден өту кезінде тыныс алу жолдарын дымқыл шүберекпен жабу керек.

Егер өрт пәтерден тыс жерде болса, ең сенімді нұсқа - өрт сөндірушілер келгенге дейін оны тастамай ұстау. Мұны істеу үшін алдыңғы есіктегі жарықшақтарды дымқыл шүберекпен жабыңыз немесе есікке дымқыл көрпені іліп қойыңыз. Бұл шаралар түтіннен аулақ болуға көмектеседі. Баспалдақта ашық жану болмаса да, түтіннің концентрациясы салдарынан далаға  шығуға мүмкіндік болмай қалады" - делінген ТЖМ хабарламасында.