14 ақп, 2022 сағат 15:15

Қаңтар оқиғасынан кейін заңды майнерлердің «көлеңкеге» кеткені шын ба – министр жауап берді


Қаңтар оқиғасынан кейін заңды майнерлердің «көлеңкеге» кеткені шын ба? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақовқа осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен заңды және заңсыз майннерлердің нақты санын сіздерге айта алмаймын. Өйткені бұл Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіндегі әріптестеріміздің құзырындағы шаруа. Мен сіздерге тек майнерлердің электр тұтыну деңгейі туралы ғана айта аламын. Әзірге мен майнерлердің бірі өтінімін қайтып алғанын байқаған жоқпын. Қазір тұтынып отырған 680 МВт қуаттан бас тартқандар болған жоқ», - деді Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ, ол майнерлердің «1 кВТ электр қуаты үшін 1 теңге ғана тариф төлейтіні» туралы мәліметті жоққа шығарды.

«Заңды майнерлердің «көлеңкеге» кетіп жатқаны және басқа әрекеттері туралы мәлімет жоқ менде. Ол туралы тиісті ведомстовдан сұрағандарыңыз жөн... Майнерлердің 1 кВТ электр қуаты үшін 1 теңге салық төлейтінін, электр тарифімен шатастырмау керек. Бұл жерде электр тарифі емес, майнерлердің салығы осындай мөлшерде», - деді Энергетика министрі.