28 қар, 2022 сағат 17:28

Қаңтар оқиғасы: Жансейіт Түймебаевтың ұлын өлтірді деген күдікті ұсталды

Сурет: Polisia.kz

Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлын өлтірді деген күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Сот шешімімен күдіктіге қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

"21 қазанда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлын өлтірді деген күдікті ұсталды. Қазір ол қамауда отыр", - деп мәлімдеді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Еске салсақ, биыл 11 қаңтарда Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың ұлы Елнар қаза болғаны хабарланды.

Ол 6 қаңтар кешке сағат 18:35 шамасында көлігімен үйіне қайтып бара жатқан. Назарбаев көшесімен жоғары қарай жүріп келе жатқанда Сәтбаев көшесіне жетпей қиылыста тоқтаған. Осы уақытта белгісіз біреулер кенеттен оқ жаудырған. Елнар алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Айта кетері, Жансейіт Түймебаев әртүрлі жылдары Мемлекет басшысының кеңесшісі, елші, Білім министрі қызметтерін атқарды.