© AP Photo / Vladimir Tretyakov
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысы "Рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген құжат мәтінінде.
Еске салайық, Президент 1 қыркүйектегі Жолдауында қаңтар оқиғасына қатысқандарға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдағанын айтқан болатын.
"Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз", - деген еді Тоқаев.
Айта кетейік, амнистия жалпы алғанда 1500-дей адамды қамтиды.
Заңға сәйкес, теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін қысқарту көзделген. Егер сотталған адамның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толық босатылады.
Ал террористер, экстремистер, рецидивистер, адамды азаптағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар мен мемлекетке опасыздық жасағандар рақымшылыққа ілінбейді.