14 нау, 2022 сағат 16:23

Қаңтар оқиғасы құқық қорғау және меморгандар арасында үйлесімді әрекеттің жоқтығын көрсетті - мәжілісмен


Қаңтар оқиғасы құқық қорғау мен мемлекеттік органдардың арасында үйлесімді әрекеттің жоқтығын көрсетті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Бекжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Баршаға белгілі, әділдіктің басты өлшемі - адам құқықтары теңдігінің жүзеге асуы. Ал әділдік пен заңдылықтың сақталуы - қоғам өмірі тұрақтылығының алғышарты. Қазақ қоғамын дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасы қоғамға қажет құндылықтарды қайта қарауға мәжбүр етті. Қолданыстағы атазаңымызға сәйкес, еліміздегі ең басты құндылық – адамның өмірі мен бостандығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «дамудың негізгі тетігі - заң мен тәртіп» екенін баса айтқан болатын. Жалпы, елімізде адам құқығы туралы сөз болғанда елдің сынына жиі ұшырайтын мәселе - тергеу органдарының ұсталған азаматтарға зәбір көрсету оқиғасы. Бұрын да күрмеуі шешілмеген бұл мәселе қаңтар оқиғасынан кейін одан ары ушығып, өрши түсті. Иә, кінәлілер жауапқа тартылып, жазасын алар. Алайда, елге түсініксіз жағдай қашанғы құқық қорғау органдарының кейбір қызметкерлері тарапынан осы тектес заңсыз, ұлт болмысына кереғар әрекетте жалғасын таба бермек? Озбырлық әрекеттерге нүкте қоятын заман қашан туады? Осы тұрғыда тергеу сатысында зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін құқық қорғау органдары жаңа көзқараспен қандай жұмыс атқаруы тиіс? Бұл мәселе төңірегінде сөздің емес, істің нәтижелі боларына үміт мол», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында. 

Оның атап өтуінше, қасіретті қаңтар оқиғасы құқық қорғау және мемлекеттік органдардың арасында үйлесімді әрекеттің болмағанын ашып берді. 

«Тіпті, үйлесімді әрекет күткен кейбір күштік органдар «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болған халыққа араша болудың орнына өзінің қара шаңырағын қорғауға мұршасы келмеді. Бұл ретте прокуратура органдары жанынан құрылған заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңестерінің жұмысын түбегейлі өзгертіп, олардың өзара үйлесімді іс-әрекетін іс жүзінде дамытуды, қажет болған жағдайда тиісті органдарға заң деңгейінде өкілеттік бере отырып, жауапкершілікті де қатар жүктеу қажет», - деді Берік Бекжанов.