07 қар, 2022 сағат 17:39

Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 934 қару табылды


Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған қаруларды іздеп табу жұмысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қызметтік және азаматтық қарулар ұрланды. Бұл азаматтардың өміріне қауіп төндіретіні белгілі. Осы орайда полицейлер ұрланған қаруларды іздеп табу жұмысын жалғастырып жатыр. Сонымен қатар заңсыз айналымдағы қаруларды тәркілеу бойынша белсенді жұмыс жүруде. Бүгінгі күнге дейін шұғыл профилактикалық кешенді іс-шаралар барысында 3 364 дана қару және 55 мыңнан аса оқ-дәрі алынды», - деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Тергеу департаменті басшысының мәліметінше, алынған 934 қару жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған.

«Тек соңғы айда 645 дана қару заңсыз айналымнан алынды. Оның көбісінің нөмірі өшірілген. Криминалистикалық зерттеу қорытындысы бойынша 20 дана қару «қаңтар оқиғасы» кезінде ұрланған болып шықты», - дейді ол.

Сондай-ақ спикер ұрланған қаруларды іздеу шарасы жалғасып жатқанын айтты.