Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде елден кетуге ұсыныс жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі.
"Россия 24" арнасына сұхбат берген Тоқаев қаңтар оқиғаларының негізгі мақсатын да айтты.
"Барлық төңкерістің негізгі мақсаты бір ғой, ол – басқа адамдардың билікке келуі. Ал маған келетін болсақ, ол күндері осында – Президент резиденциясында болдым, ешқайда шыққан жоқпын. Әлбетте, осы жерде түнеп жүрдім", - деді Мемлекет басшысы.
Президент жаппай тәртіпсіздіктер басталғанда ешқайда кетпейтінін мәлімдеген. Осыны тағы бір мәрте еске салды.
"Маған кейбір "жолдастар" тікұшаққа немесе ұшаққа отырып, Қазақстаннан кетуге ұсыныс жасаған. Мен, әрине, ондайды жоспарлаған жоқпын. Осы жерде аяғына дейін қалуға міндетті екенімді білдім ", - деп атап көрсетті Тоқаев.
Мемлекет басшысының сұхбаты бүгін ресейлік телеарнаның эфирінде көрсетіледі.
Айта кетері, биыл қаңтардың басында Жаңаөзен мен Ақтау қалаларында сұйытылған газдың бағасы күрт көтеріліп кетті. Халық көшеге шықты. Артынан наразылық акциялары республика бойынша таралып кетті. Бірнеше қалада жаппай тәртіпсіздіктер басталды. Әсіресе, Алматы қаласы қиын жағдайға тап болды.
Қалада мемлекеттік мекемелер өрттенді, дүкендер тоналды. Адам шығыны да аз болған жоқ. Республика бойынша төтенше жағдай енгізілді. Бас прокуратураның мәліметіне сәйкес, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 230 адам қайтыс болды. Олардың арасында 19 полицей мен әскери қызметші бар.