Еңбек даулары ереуілге ұласпауы үшін кәсіподақтар мен жергілікті мәслихаттар белсенді жұмыс істеуі керек. ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бөлім жетекшісі ҚазАқпараттың сұхбат алаңында осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде біз демократиялық қоғамда өмір сүруге тырысып жатырмыз. Бәрін де демократиялық принциптермен құрғымыз келеді. Бірақ қоғам тарапынан жасалып жатқан біраз әрекеттер демократияға емес, охлократияға жақындау болып тұр. Себебі, демократия дегеніміз – өкілдік принциптің сақталуы. Ал охлократия – адамдардың тікелей шығып, тобыр ретінде билік орнатуы. Екеуі ұқсас негізі. Басты айырмашылығы – демократияда өкілдік принциптің болуы. Қазір азаматтар қалауын мемлекетке тікелей айтып жатыр. Себебі екі ортадағы өкілді органдардың жұмысы дұрыс реттелмеген. Өкілді орган ретінде не мәслихат депутаттары, не кәсіподақтар шығуы керек. Осы екі институт міндетін дұрыс атқарса, еңбек ұжымдарына бүгінгідей топтасып алып, мемлекетке тікелей талап жолдаудың қажеті де болмайтын еді. Әр ұйымның кәсіподағы болуы керек. Кәсіподақ сол ұйымның басшылығымен келіссөз жүргізіп, жұмысшылардың құқығын қорғауы керек», - деді сарапшы.
Зерттеуші елімізде кәсіподақтардың үлкен саяси институтқа айналуы үдерісі әлі аяқталып болған жоқ деп есептейді.
«Кәсіподақтар бар, бірақ өзінің бастапқы функциясын толыққанды атқармай отыр. Кәсіподақ деген тек туған күндер мен мерекелік құттықтау өткізетін ұйым болып қалмауы керек. Мысалы, қаңтардағы оқиға кезінде Жезқазғандағы жұмысшылардың қойған талабы 15 тармақтан тұрды. Еңбекақы мөлшері, қосымша төленетін үстемеақы көлемі, денсаулық сақтау шаралары мен еңбек жағдайы деген сияқты кәсіподақпен бірлесіп реттейтін мәселелерді қамтыды. Оның бәріне мемлекет тікелей араласпауы керек. Демократиялық қоғамды толыққанды құрғымыз келсе, соған сай саяси институттардың толыққанды функционалды жұмыс істеуіне мүмкіндік беруіміз керек», - деді Индира Рыстина.