Мәжіліс депутаттары қаңтардағы тәртіпсіздіктерге қатысушыларға рақымшылық жасау туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы Парламенттің төменгі палатасы Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Арман Қожахметов мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Заң жобасының мақсаты - Қазақстан Республикасы аумағында 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздікке байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босату не сот тағайындаған жаза мерзімдерін қысқарту, деді Қожахметов.
"Террорист, экстремист, рецидивист, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар, азаптау жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайды. Бұл туралы Президент айтты. Алдын ала болжам бойынша, қазіргі кезеңде рақымшылық 1,5 мыңға жуық адамға қатысты болады", - деді Мәжіліс депутаты Гүлнәр Бижанова.
Депутат Қожахметов заң жобасы азаматтар мен мемлекет қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыс жасаған адамдарға мемлекет пен қоғам тарапынан гуманизм мен мейірімділік актісі саналатынын түсіндірді. Қылмыстық теріс қылықтар, жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыс жасағандарға қатысты қылмыстық істер тоқтатылады, олар бойынша сотталғандар жазадан босатылады, ал жазасын өтегендерден соттылығы алынады.
Ауыр қылмыс жасаған адамдар үшін соттар тағайындаған жаза 3/4-ке, аса ауыр қылмыстар үшін 1/2-ге қысқартылады.