Көрнекі сурет: ашық дереккөзден
Талдықорғанда Қаңтар оқиғасына қатысқан "күдіктіні" өлтіріп алған экс-полицей 10 жылға сотталды. Ал осы фактіні жасырған әріптесіне 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талдықорған қалалық сотымен абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан азаптау фактісі бойынша (146-баптың 3-бөлігі 2022 жылғы ҚК редакциясында), сондай-ақ қылмысты жасыру бойынша (ҚК 432-бабы) қылмыстық іс қаралды.
2022 жылғы 8 қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан деген күдікпен жәбірленуші М. полиция басқармасының қызметкерлерімен уақытша ұстау изоляторы (УҰИ - ред.) ғимаратына жеткізілген. УҰИ ғимаратында өзінің қызметтік міндеттерін атқарған сотталушы Б. жәбірленушіге жарақат келтіріп, соңғысы ауруханада қайтыс болған. Сотталушы С. осы ауыр қылмысты жасау фактісін жасырған.
"Прокурор Б.-ны 11 жылға бас бостандығынан айыруды, С.-ны 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жәбірленушінің өкілдері прокурорды қолдады.
Сотталушы Б. кінәні мойындамады, соттан оны ақтауды сұрады. Ал С. кінәсін мойындап, өкінді.
Айыпталушылардың айыпталған әрекеттерді жасаудағы кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдемелермен, куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен дәлелденді" - делінген хабарламада.
Сот үкімімен Б. ҚК-нің 146-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал С.-ға ҚК-нің 432-бабы бойынша 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 15 млн.теңге сомасында моральдық зиян өндірілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.