© AP Photo / Vladimir Tretyakov
Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында Қаңтар оқиғасына қатысқан 25 азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сот 2022 жылдың 4-5 қаңтары аралығында Алматы қаласының түрлі бөлігінде 25 сотталушының жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, аса ірі мөлшерде ұрлық жасағанын, тұрғын үй, қызметтік және өндірістік үй-жайларға заңсыз кіріп, ірі залал келтіре отырып көлік құралдарын айдап әкеткенін, қауіпті өндірістік нысаның аумағына, сондай-ақ арнайы органдар күзететін басқа да нысандарға заңсыз кіргенін анықтады.
"Бұл елеулі залал тигізіп, басқа да ауыр зардаптарға әкеп соқты. Сондай-ақ, олар алдын ала сөз байласу арқылы оқ-дәрілер мен атыс қаруларын ұрлап әкеткені, төтенше жағдай жарияланған жердегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде адамдар тобы алдын ала сөз байласу арқылы билік өкілдерінің денсаулығына зиян келтіргені және мүлкін бүлдіріп, жойғаны анықталды", - делінген Алматы соттарының Facebook желісіндегі хабарламасында.
Жаза тағайындау кезінде келесі факторлар ескерілген: сотталушылардың кінәсін толық және жартылай мойындауы, бұрын сотталмағаны, жеке басы, жас мөлшері, құқықбұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, кәмелетке толмаған балаларының болуы, қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамдық қаупінің сипаты мен дәрежесі, қылмыстық құқық бұзушылықты төтенше жағдай кезінде жасауы.