07 қар, 2022 сағат 17:10

Қаңтар оқиғасы: 117 адам бас бостандығынан айырылды


Биыл қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты 16 мыңнан астам адамнан жауап алынды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда ішкі істер органдарының тергеушілері «қаңтар оқиғасына» қатысты қылмыстық істерді тергеуді аяқтап жатыр. Оған қатысты 16 мыңнан астам адамнан жауап алынып, 3 мыңнан астам сараптама жүргізілді. Шамамен 350 млн теңгені құрайтын ұрланған мүлік тәркіленді. 1125 қылмыстық іс өндіріспен аяқталды. Оның ішінде 629 адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді», - деді Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді тергеумен арнайы прокурорлар айналысып жатыр.

«Бүгінгі таңда 579 адам сотталды. Оның 462-сі бас бостандығынан айыруды көздемейтін жазаға кесілді. Ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 117 адам нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар 14 сотталушыға қатысты тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды», - дейді ол.