Фото: Азаттық радиосы
Қаңтар оқиғасына қатысқан жастардың көбі қателігін түсініп, өкініп жүр. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Тимур Тәжімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.
«Қаңтар оқиғасы – еліміз үшін үлкен қасірет. Ол күндері мемлекет тұтастығы, Тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі қатер алдында тұрды. Президент дер уақытта шешімдер қабылдап, елімізді сақтап қалды. Мемлекет басшысы тапсырмасымен бұл оқиғаның себептері мен салдары қаралып жатыр», - деді ол Бас прокуратураның биылғы жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, оқиғаның басты себептері – әлеуметтік проблемалар, жұмыссыздық, кірістердің азайғаны. Бұл жағдайды деструктивті күштер, криминалитет, радикалды элементтер пайдаланып кеткен.
«Олар адамдарды іс-жүзінде агрессия мен қатал әрекеттерге арандатқан. Тәртіпсіздік жасаған адамдардың көпшілігі – жастар. Олар әрекеттері қандай ауыр салдарға әкеп соғатынын түсінбеген. Көп жастар өз қателіктерін түсініп, өкініп жүр», - деді Тимур Тәжімбаев.
Бас прокурордың бірінші орынбасары осыған орай қарашада Президент «Рақымшылық туралы» Заңға қол қойғанын атап өтті.
«Амнистия бір жарым мың адамға қатысты. Қазіргі уақытта 991 азаматтың жаза мерзімі жеңілдеді. 94 адам қылмыстық жауаптан босатылды. Мынаны ескере кетсем деймін, тәртіпсіздік ұйымдастырған адамдар, азаптау, экстремизм, терроризм, мемлекетке опасыздық жасағандар амнистияға ілікпейді», - деді ол.