Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті қазақстандықтар қанша ресейлік азаматпен неке қиғанын хабарлады, - деп жазады Tengrinews.kz агенттігі.
"Мәлімет бойынша, 2022 жылдың қыркүйегі мен қазанында Қазақстан Республикасы аумағында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының азаматтары арасында 485 неке қиылған", - делінген хабарламада.
Бірақ бұл деректердің былтырғыдан көп айырмашылығы жоқ екені атап өтілді. 2021 жылдың дәл осы кезеңінде қазақстандықтардың ресейліктермен 494 некесі қиылған.
Қарастырылып отырған кезеңде ең көп неке Алматы - 94 (2021 жыл - 75), Астана - 51 (2021 жыл - 46) және Қарағанды облысында - 45 (2021 жыл - 49).
Некеге тұрған адамдардың орташа жасы ерлерде 26-29 жас, әйелдерде 23-28 жас.
"Зерттеу бойынша кейінгі жылы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының азаматтары арасында тіркелген некелер санының 14 пайызға төмендегені байқалады. Мәселен, 2021 жылдың 10 айында - 2153 неке, 2022 жылдың 10 айында 1851 неке қиылды", - деп толықтырды ведомство өкілі.