«Қандас» мәртебесін алуға үміткер адамдардың өз құжаттарында ұлты туралы жалған мәлімет беру фактілері бар. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кейбір елдерде (мысалы, Ауғанстан, Иран, Ирак, Пәкістан) берілген паспорттарда және жеке басты куәландыратын басқа құжаттарда азаматтың ұлты көрсетілмейтініне байланысты жеке этникалық қазақтар өздерінің қазақ ұлтына қатыстылығын дәлелдеуде проблемаға тап болады. «Қандас» мәртебесін алуға үміткер адамдардың өз құжаттарында ұлты туралы жалған мәлімет беру фактілері бар», - деді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, аталған мәселені реттеу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға: көші-қон мәселесі бойынша уәкілетті органның жеке басты куәландыратын құжаттарда тиісті жазбалар болмаған жағдайда «қандас» мәртебесін алуға үміткер адамдардың қазақ ұлтына қатыстылығын анықтау қағидаларын әзірлеуге және бекітуге; республикалық маңызы бар облыстардың, қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының жеке басты куәландыратын құжаттарда тиісті жазбалар болмаған жағдайда «қандас» мәртебесін алуға үміткер адамдардың қазақ ұлтына қатыстылығын анықтау туралы шешім қабылдау құзыреттерін көздейтін түзетулерді пысықтауда.
«Үкіметтің заң шығару қызметі аясында тиісті жұмыс жүзеге асырылуда», - деді Асқар Мамин.