17 там, 2024 сағат 14:31

Қалалық тамыз саммиті өтті


Фото: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі


Оқу жылының басталуына байланысты ұйымдастырылған «Digital Kazakhstan: Жаңа замандағы білім беру» атты педагогтердің тамыз саммиті өтті. Оған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған оқытушы-профессорлар  құрамы да қатысты.


Саммитке 2500-ден астам білім беру қызметкерлері, қазақстандық және халықаралық сарапшылар, Сенат депутаты Нұрия Ниязова, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, ЖОО ректорлары  қатысты.


Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев педагогтарды келе жатқан жаңа оқу жылымен құттықтап: «Биылғы саммит бағдарламасы заманауи цифрлық құралдар мен жасанды интеллектті білім беру үдерісіне біріктіруге бағытталған. Бұл интеграция білім алу мен оқу сапасын жақсартуға жаңа жол ашады. Алматыда бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр, онда цифрлық шешімдер біздің балаларымыз үшін білім беру сапасын арттырады, өзгертеді. Мысалы, Kitap.kz, TopIQ.kz, «AlmatyKids.kz» пилоттық режимде жаңа жобалар сәтті жүзеге асып, жасанды интеллект негізінде виртуалды репетиторды енгізу көзделген», – деді.


Пленарлық отырыста, педагогтердің біліктілігін арттыру, білім беру үдерісіне инновацияларды енгізу мәселесі талқыланып, білім беру саласын дамытудың жаңа векторлары айқындалды. Жиында білім беруді цифрландыру және цифрлық инновация саласындағы мемлекеттік саясат мәселесі, балалар мен педагогтардың киберқауіпсіздігі мәселесі, оның ішінде этикалық аспектілер талқыланды.


Іс-шара соңында білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар педагог арнайы марапаттарға ие болды.

 

Қарагөз Серікқызы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер

кафедрасының оқытушысы.