Қалалық автобус паркін жаңартуға 30 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бірінші вице-спикердің атап өтуінше, «Жасыл даму» АҚ есепшотындағы 200 млрд теңгеден астам бос қалдық қаражаттың 100 млрд теңгесі отандық көліктерді сатып алу үшін жеңілдетілген автонесиеге беріледі.
Ал 30 млрд теңгесі қалалық автобус паркін жаңартуға жұмсалады.
«30 млрд теңгені қалалық автобус тасымалындағы ахуалды жақсарту үшін автобус паркін жаңартуға жұмсау туралы шешім қабылданды. Мұндай қажеттілік баяғыда-ақ туындаған. Бірақ автобус сатып алуда, нақты пайыздық мөлшемелерді төлеуде айтарлықтай бір қиындықтар бар. Бұл тасымалдаушыларға қиындық туындатады. Оның жолақы құнына да қатысы бар. Оған мүмкіндігінше жол бермеу керек. Сондықтан аталған автобустарды тасымалдаушыларымызға 7 жыл мерзімммен, нөлдік мөлшерлемемен сату туралы шешім қабылданды. Осылайша, отандық өндірушілерді ынталандырамыз және бұл қаражат азаматтардың игілігі үшін жұмыс істейді», - деді Роман Скляр «Хабар-24» телеарнасындағы «Сұхбат» бағдарламасы барысында.