Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керегін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі халықаралық ахуал қырғи-қабақ соғыстың ең қиын кезеңін еске түсіреді. Бірақ, шегіне жете буырқанған, мемлекеттер қатаң санкциялармен тірескен, жер жүзіне қандай кесірі тиетіні беймәлім болып тұрған бүгінгі жағдайды адамзат бұрын-соңды көрмеген теңдессіз қиындық деуге әбден болады. Сондықтан, біз үшін көздеген мақсаттан ауытқымаудың, еліміздің тұтастығын, жалпыұлттық бірлігі мен тілектестігін сақтаудың өмірлік маңызы бар», - деді Президент.
Тоқаев реформа жасап жатырмыз деген атақ үшін ғана реформа жасаудың қажеті жоғын айтты.
«Мен мұны бірнеше рет айттым. Біз бұл өзгерістерді жұртқа жақсы көріну үшін жасамаймыз. Құлаққа жағымды, бірақ орындалуы екіталай, күмәнді көрсеткіштерге алданбаймыз. Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек.
Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады», - деді Мемлекет басшысы.