Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы кездесуіне және қазақстандық көмірсутекті халықаралық нарықтарға жеткізу бағыттарын әртараптандыру жоспарына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Бүгін Мемлекет басшысы еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізді. Осыған байланысты журналистер тарапынан сұрақтар түсіп жатыр.
Бұл жерде, ең алдымен, геосаяси тұрақсыздық жағдайында Қазақстан көмірсутегін халықаралық нарықтарға жеткізу бағыттарын әртараптандыру туралы сөз болып отыр. Жиында жаңа көлік дәліздерін ашу мәселесі талқыланды. Бұл бір күндік жұмыс емес, ұзақ мерзімді жоспар. Шын мәнінде, қабылданған шешімдердің ешқандай саяси астары жоқ. Ресей біздің стратегиялық серіктесіміз әрі одақтасымыз болып қала береді. Оның мүддесіне нұқсан келтіретін қандай да бір іс-әрекеттерге жол берілмейді. Қазақстан тарапына қатысты да осындай әрекеттер жасалмайды деп үміттенеміз" - деп жазды Желдібай Facebook парақшасында.