Оқу жылы қарсаңында елордалық жасотандықтар көпбалалы және тұрмысы төмен отбасындағы оқушыларға мектеп құралдарын сатып алуға сертификаттар сыйлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған акция Қазақстанның барлық өңірлерінде өтіп жатыр.
«Мектепке жол» - көпбалалы және тұрмысы төмен отбасындағы және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды оқу жылына дайындау бойынша жыл сайын өтетін республикалық акция. Жасотандықтар осы акцияға жыл сайын белсенді қатысады. Қазіргі уақытта акцияны біздің белсенділер Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарында өткізіп жатыр. Бүгіннен бастап басқа өңірлер де қосылады», - деді «Jas Otan» Жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.
Өз кезегінде ата-аналар жасотандықтарға көңіл бөліп, қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.
«Nur Otan» партиясына және «Jas Otan» Жастар қанатына үнемі қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Төтенше жағдай кезінде бізге азық-түлік себеттері түрінде де көмек көрсетілді. Біздің белсенді жастарымызға тағы да алғыс айтқым келеді», - деді көпбалалы ана Нұрзия Құрбанова.
Балалар мен жас отбасылар әрқашан жастар қанатының ерекше ықыласы мен қамқорлығына ие. Осыған байланысты Елнұр Бейсенбаев жастар арасында талқыланып жатқан 2025 жылға дейінгі «Жастар-Отанға!» бағдарламасына тоқталды.
«Біз үшін «Nur Otan» партиясының Жастар қанаты ретінде өскелең ұрпаққа қолдау көрсету өте маңызды. Кішкентай балаларға отбасылық құндылықтарды бойына сіңіріп, тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз. Сондықтан жас отбасылардың өмірін жақсарту жөніндегі міндеттер біздің «Жастар-Отанға!» бағдарламамызда көрініс тапты», - деді ол.
Айта кетейік, сертификаттар елорданың 20 оқушысына табысталды. Аталған акцияға аудандық жасотандықтар да атсалысуда.