Mohammed Salem / Reuters
Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыс өршіген кезде құрбан болғандар саны екі мыңнан асты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты The Times of Israel басылымына сілтеме жасап.
Әскерилердің мәліметінше, палестиналық ХАМАС тобының Израильге жасаған шабуылы салдарынан қаза тапқандар саны 1200 адамнан асқан, 3000-ға жуық адам жараланған, ұрланған және Газа секторына жеткізілген 150-ге жуық адамның тағдыры әлі белгісіз.
"Палестиналық ХАМАС лаңкестік тобының Израильге жасаған соққысынан қаза тапқандар саны артып келеді, сәрсенбі таңертеңгі жағдай бойынша 1200-ден асты", - делінген хабарламада.
Елдің Денсаулық сақтау министрлігі мәліметінше, шабуыл кезінде 2901 адам жараланған, 500-ден астамы әлі де ауруханада жатыр, оның ішінде 26 адамның жағдайы ауыр және 340 адам - қиын жағдайда.
Еске сала кетейік, 7 қазанда таңертең Израиль жаппай зымыран шабуылына ұшырады. Елдің қорғаныс күштерінің мәліметінше, Израильге екі мыңнан аса зымыран атылған. Сонымен қатар палестиналық ХАМАС қозғалысының ондаған жауынгері елдің шекаралас аймақтарына кірген.