Израильде басқарушы коалицияның көшбасшылары Нафтали Беннет пен Яир Лапид парламентті таратып, кезектен тыс сайлау өткізбек. Бұл - соңғы төрт жыл ішіндегі бесінші сайлау. Биньямин Нетаньяху осы сайлау нәтижесінде билікке оралмақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС сайтына сілтеме жасап.
Дүйсенбіде премьер-министр Нафтали Беннет пен сыртқы істер министрі Яир Лапид келесі аптада Кнессетте Парламент таратылатынын және жаңа сайлау туралы дауыс беретіндерін мәлімдеді. Егер бұл шешім қабылданса, жаңа сайлауға дейін премьер-министр лауазымын Яир Лапид атқарады.
Сайлау, Израиль комментаторларының пікірінше, қазан айының соңында өтуі мүмкін.
Израильде үкіметтік коалицияның таратылуы туралы сыбыс бірнеше аптадан бері шығып жатыр. Сегіз партияның коалициясы түбегейлі мәселе бойынша келісе алмады, яғни Батыс жағалаудағы еврей қоныстары Палестина автономиясының емес, Израиль заңдары бойынша өмір сүретіні туралы құжаттың мерзімін ұзарта алмады.
Оны ұзартуға коалицияға кіретін араб депутаттар дауыс беруден бас тартты, ал премьер Нафтали Беннет пен оның үкіметтегі басқа да әріптестері үшін бұл маңызды мәселе еді.
Енді, Франс-пресс агенттігінің түсіндіруінше, парламент таратылғаннан кейін аталған жердің мәртебесі жаңа үкімет құрылғанға дейін автоматты түрде ұзарады.
Израильде сегіз партиялық коалиция бір жыл бұрын ғана құрылған еді. Оның негізгі мақсаты – билікке премьер-министр Биньямин Нетаньяху мен оның Ликуд партиясын жолатпау.
Таяуда жүргізілген сауалнамаға сәйкес 72 жастағы Нетаньяху мен Ликуд жаңа сайлауда Кнессеттеді мандаттар санының көп болуына байланысты жеңіп кетуі мүмкін.
2020 жылдан бері жемқорлық үшін айыпталып жатқан Биньямин Нетаньяху билікке оралатынына сенімді.