27 қыр, 2022 сағат 15:51

Ижевск оқиғасы бізге сабақ болуы керек – Асхат Аймағамбетов


ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстан мектептеріндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Кеше Ресейдің Ижевск қаласындағы мектепте атыс болды. Өкінішке қарай, қаза тапқандар арасында оқушылар да бар. Біз үшін мұндай оқиға сабақ болуы керек. Сондықтан біз балаларымыздың қауіпсіздігі мәселесін тағы да көтереміз», - деді ол аппараттық кеңесте.

Министр бұл бағытта тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын, дегенмен бірқатар проблема шешілмегенін атап өтті.

Аймағамбетов балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап, жыл соңына дейін кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, оқу жылының басында мектептер бейнебақылау жүйесімен 100% қамтамасыз етілген. Алайда жедел басқару орталығына тек 82% немесе 300 және одан көп оқушыға есептелген 2605 мектеп қосылған.

Төмен көрсеткіштер Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарында байқалады.

24 ірі қалада 1351 орта білім беру ұйымы жұмыс істейді, олардың 83% күзет агенттіктерімен шарттар жасасқан.

Қостанай, Павлодар, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарындағы көрсеткіштер төмен.

Дабыл түймелері 1117 мектепте немесе мектептердің 97%-ында орнатылған. Ең төмен көрсеткіштер Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды.

Ішкі істер министрлігі жүргізген тексеру нәтижесінде 630-дан астам мектеп терроризмге қарсы қорғалу талаптарына сәйкес келетіні белгілі болды. Ал 550-ден астам мектепте бұзушылықтар анықталған.

Айта кетейік, Ресейдегі Ижевскіде болған атыстан қаза тапқандар саны 15 адамға жетті. Олардың арасында 11 бала және 4 ересек адам бар. Оның ішінде 24 адам зардап шекті.