ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы шенеуніктеріне тағылған «Қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды» деген айып расталмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы сотына сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Анарбек Қарашев, Қазақстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Ерік Өтембаев және «Дипломатиялық қалашық құрылысы дирекциясы» ЖШС директоры Б. Нұрекеновке қатысты қылмыстық істі қарады.
«Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданының №2 сотының 2020 жылғы 18 қыркүйектегі үкімімен А.Қарашев (ҚР СІМ-нің бұрынғы жауапты хатшысы) лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны, ал Е.Өтембаев (ҚР Өзбекстандағы бұрынғы елшісі) және Б.Нұрекенов (мердігерлік ұйымның директоры) - аталған іс-әрекеттерге жәрдемдескені үшін кінәлі деп танылған болатын», - делінген хабарламада.
Апелляциялық алқа аталған іске қатысты «Қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану» айыбы бойынша залал жоқ деген қорытындыға келді.
«А.Қарашевтің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануы және оған Е.Өтембаев пен Б.Нұрекеновтың жәрдемдесу іс-әрекеті мен себеп-салдары дәлелденбеген. Ал дәлел қылмыс құрамының міндетті бөлігі», - деп хабарлайды қалалық соттан.
Лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалану бойынша тұлғаны кінәлі деп тану үшін келесі жағдайларды анықтау қажет:
- жеке басына, басқа адамдарға немесе ұйымдарға қатысты қызметтік өкілеттігін пайдалану мақсатының болуы;
- қызметтік өкілеттігін пайдалану кезінде басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтіру.
«Сот тергеуі барысында апелляциялық сатыда А.Қарашевтің қызмет бабын теріс пайдаланғаны және Е.Өтембаев пен Б.Нұрекенов тарапынан жәрдем берілгені расталмады. Істі қарау нәтижесі бойынша қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен ақтау үкімі шығарылды», - деп жазылған соттың ақпаратында.
Еске сала кетсек, 2020 жылы 2 қазанда ҚР Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы Анарбек Қарашев пен Қазақстанның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Ерік Өтембаевқа қатысты Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданы № 2 соты айыптау үкімін шығарған еді.