09 ақп, 2021 сағат 08:33

Ірі салық төлеушілер үшін көлденең мониторинг енгізіледі – Ерұлан Жамаубаев

Ірі салық төлеушілер үшін көлденең мониторинг енгізіледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ірі салық төлеушілер үшін көлденең мониторинг енгізіледі. Оны квазимемлекеттік ірі компаниялардан бастаймыз. Көлденең мониторинг салық төлеушілерге шығындарды қысқартуға және салықтық бақылау шеңберінде тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік беретін тиімді модель болып саналады. Сондай-ақ, бұл салықтық бақылауға жұмсалатын қаражатты айтарлықтай қысқартуға, өсімпұлдар мен айыппұлдарды болдырмауға мүмкіндік береді», - деді Қаржы министр. 

Оның айтуынша, қосымша құн салығын әкімшілендіруде Blockchain-технологиясын енгізу жоспарлануда. 

«Бұл салықтарды төлеуден жалтару тәуекелін және қолма-қол ақшаға айналдыру мәмілелерін азайтады», - деді Ерұлан Жамаубаев.