көрнекі фото: secretmag.ru
20 отандасымыз Ирак Республикасында заңсыз еңбек еткен. Қазақстан елшілігі ұсталған жерлестерімізді соттың қарауынсыз депортациялау туралы келісімге қол жеткізген. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл наурыз айының соңында Ирак Республикасының құқық қорғау органдары заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін Қазақстанның 20 азаматын ұстады. Қазақстанның Иорданиядағы және Ирактағы елшілігі жергілікті органдармен сот қарауынсыз депортациялау туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Қазір ұсталған азаматтар айыппұл төлеп Иран аумағынан шығып кетті», - деді Айбек Смадияров министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бұған дейін де осыған ұқсас оқиға болған.
«Биыл ақпанда Қазақстанның 7 азаматы Ирак Республикасының шетелдіктердің болуы туралы заң нормаларын бұзғаны туралы, атап айтқанда, жасырын казинода заңсыз еңбек еткені үшін тергеуге тартылған болатын. Бізге мәлім болғандай, өткен жылдың қараша айында олардың 5-і ұсталып, сот қарауына дейін кепілмен босатылған. Осыған қарамастан жерлестеріміз Иракка қайта оралып, елдің заңнамасын қайтадан бұзды. Қазақстан елшілігі шұғыл көмек көрсетуді ұйымдастырған. Сондай-ақ, сот және прокуратурамен келіссөздер өтті», - дейді ол.
Сондай-ақ, Смадияровтың айтуынша, жоғарыда аталған заңбұзушылық үшін бір жылға дейін бас бостандығынан айыруы немесе 500 мыңнан 3 млн ирак динарына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
«Аталған азаматтар Ирак Республикасына тиісті құжатсыз және заңсыз еңбек ету мақсатында барғаны белгілі болды. Осы орайда отандастарымызды басқа елдің заңнамасын сақтауға шақырамыз», - дейді СІМ ресми өкілі.