21 ақп, 2020 сағат 14:58

Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес салық саясаты мәселелерін қарады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес (ИАЖК) отырысында салық саясаты мәселелері және оның Қазақстандағы инвестициялық ахуалға ықпалы қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салық салудың шетелдік тәжірибесі мен оның қолайлы іскерлік ахуалды қалыптастырудағы және экономикалық бәсекелестікті дамытудағы рөлі, сондай-ақ Қазақстанда салықтық әкімшілендіру мен фискалды саясаттың ілгерлемелі әдістерін іске асыру бойынша ұсыныстар туралы Қазақстанда аккредиттелген Ұлыбритания елшісі М. Гиффорд, Канада елшісі Н. Бруссо, Еуропалық одақ елшісі Свен-Олов Карлссон, АҚШ елшілігінің істеріндегі уақытша сенімді өкіл Т. Люнг, сондай-ақ инвестициялық қауымдастықтың – EY, Deloitte, PwC, Heidelberg Cement компанияларының өкілдері баяндады.

Қазақстанда жүргізіліп жатқан салықтық әкімшілендіру реформасы туралы ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, қаржы бірінші вице-министрі Б. Шолпанқұлов сөйледі.

«2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 4,5%-ға өсті. Өсім негізінен шикізаттық емес салалар – құрылыс (12,9%), сауда (7,6%), көлік (5,1%), өңдеу өнеркәсібі (4,4%) есебінен қамтамасыз етілді. Елге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі $25 млрд дейін ұлғайды. Халықтың нақты табысы 5,5%-ға артты, инфляция жоспарлы дәлізде сақталып, 5,4% құрады. Әлемдік экономиканың кезеңдік бәсеңдеуі мен Қытайдағы ахуалға байланысты тәуекелдер жағдайында белгіленген даму трендін сақтау мен нығайту біздің басымдығымыз болып қала береді», — деді А. Мамин.

Премьер-Министр экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі, іскерлік ахуалды жақсартудағы, халықтың жұмыспен қамтылуын арттырудағы және инвестиция тартудағы тиімділігін арттыру мақсатында ҚР-да жүргізіліп жатқан салық жүйесінің реформасы туралы айтып берді.

«Біз Қазақстанның халықаралық позициясын нақты әрі айқын салық жүйесі бар, сенімді және болжамды инвестициялық бағыт ретінде одан әрі нығайту туралы ұсыныстардың тиімді орындалуын қамтамасыз етеміз», — деп түйіндеді А. Мамин.