Нұр-Сұлтан қаласы Криминалдық полиция басқармасының Кибер қылмыспен күрес бөлімінің аға жедел уәкілі Саят Дүйсенбаев интернет алаяқтарына қандай жаза қолданылатыны туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта алаяқтар әлеуметтік желі арқылы қылмыс істейді. Полиция департаменті осы уақытқа дейін топпен қылмыс істеген алаяқтарды ұстап көрген жоқ. Соңғы екі айда қалалық полиция департаментіне интернет алаяқтарының құрбаны болғанын айтып, хабарласқан 50 жәбірленушінің 17-сі – зейнеткер», - дейді Саят Дүйсенбаев.
Оның айтуынша, қалада интернет алаяқтыққа қатысты 5 қылмыс ашылды.
«Аталған фактілер бойынша 5 қылмыскер ұсталды. Қылмыстық кодектің 190-бабы 2-бөлімі 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 68 және 37-баптарына сүйене отырып, жәбірленушілер мен күдіктілер мәмілеге келді. Интернет алаяқ мұндай қылмысты бірінші рет жасаған болса, сондай-ақ келтірілген залалды өндіріп беретін болса жәбірленуші мен күдікті келісімге келіп, қылмыстық іс қысқартылады», - дейді ол.
Сондай-ақ, интерне алаяқ бұған дейін де осындай фактілер бойынша бірнеше рет қылмыстық жауапқа тартылған болса, қылмыстық іс сотқа жолданып, сот қаулысымен 4-7 жыл аралығына бас бостандығынан айырылады.
«Интернет алаяқтың қанша жылға бас бостандығынан айырылатыны келтірілген материалдық шығынға байланысты. Қазіргі уақытта анықталған фактілер бойынша жәбірленушілер тарапынан шыққан шығын 100-250 мың теңгеден басталады», - деді Саят Дүйсенбаев.