26 қаң, 2022 сағат 14:14

Инфляцияға қарсы жұмыс тәсілін қайта қарау керек - депутат


Жаңа Үкіметті инфляцияға қарсы жұмыс тәсілін қайта қарауы керек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылдың қорытындысын жариялағанда мемлекеттік органдар елдегі азық-түлік инфляциясының деңгейі едәуір төмендетілгенін мәлімдеді. Белгілі бір жетістік бар. Бұл – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бағасының нөлдік өсімі, бірқатарының бағасының төмендеуі. Баға мониторингі апта сайын жүргізіледі. Жауапты мемлекеттік орган анықталды. Сонда да азық-түлік бағасының жалпы деңгейі көтерілді. 2021 жылғы өсім 9,9 пайызға жетті», - деді А. Қоңыров Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында. 

Оның айтуынша, халықтың табысының 56 пайыздан астамы азық-түлікке жұмсалды. Брқатар өңірлерде (Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарында) шығыс көлемі 60%-дан астам болды. Шығыстар екі негізгі бөлікке жұмсалды - ол нан мен жарма және ет пен ет өнімдеріне. 

2021 жылғы қаңтар-қарашада оның алдындағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нан-тоқаш өнімдері мен жарма – 9,1% -ға, оның ішінде жарма – 20,2%-ға, макарон өнімдері – 11,5%-ға қымбаттады. Ет бағасы 8,7% - ға, оның ішінде қой еті – 15,1%-ға, жылқы еті 10%-ға өсті. 

«Қарапайым адамдар үшін маңызды азық-түліктің бағасы 2 таңбалы санмен есептеледі. Сондықтан бағаның өсуін тежеуді тек тактикалық тұрғыдағы жеңіс деп санауға болады. 2022 жылдың басында Қазақстанда азық-түлік бағасы 0,2% -ға өсті. Өсімнің объективті себептері бар», - деді депутат. 

Оның сөзіне қарағанда, бұрынғы Үкімет Президенттің Қазақстан халқына Жолдауынан кейін бір аптадан соң «2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешенін» бекітті. Жедел қабылданғандықтан, ғылыми тұрғыдан талқылау мен сапалы сараптама жүргізуге мүмкіндік бермеді. 

«Бізге терең, ғылыми негізделген, үйлесімді және сараптамалық жұмыс қажет. Қазақстанда қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге бағдарланған инфляцияға қарсы ұлттық стратегия болуы тиіс. «Қазақстан Халық партиясы» фракциясы жаңа Үкіметті инфляцияға қарсы жұмыс тәсілін қайта қарауға шақырады», - деді Айқын Қоңыров.