04 қаз, 2022 сағат 16:20

Илон Маск Украинадағы соғысты тоқтататын "сценарий" ұсынды


Америка бизнесмені, миллиардер Илон Маск Украинадағы соғысты "тоқтататын" төрт ұсыныс жасады. Ол Твиттердегі парақшасында Украина мен Ресей арасында бейбітшілік орнату үшін төрт шарт керек екенін айтты.

Илон Масктың ойынша, Ресей аннексиялаған аумақта БҰҰ бақылауымен қайта референдум өтуге тиіс. Егер ол жердің халқы Украинада қаламыз десе Ресей шегінеді. Қырым Ресейде қалып, сумен қамтамасыз етілетініне кепілдік алуға тиіс. Ал Украина бейтарап статуста қалғаны жөн.

Илон Масктың есебінше, соғыс соңы бәрібір осылай аяқталады, айырмасы соғысып жатқан екі елдің қанша шығынға ұшырайтынында ғана. Оның сөзінше, өзге жол тек ядролық соғыс болуы мүмкін.

Маск өзінің постының астына осы ұсынысына байланысты дауыс беруге шақырған. Мәскеу уақытымен сағат 21-де 700 мыңға жуық адам дауыс берген, оның 59,6 пайызы қарсы болып, 40,4 пайызы қолдаған. Пост жариялаған соң Илон Маск боттардың шабуылына ұшырағанын айтқан.