Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов Қазақстанда есірткі саудасының дамуына ықпал етіп отырған факторларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл құқық қорғау органының қызметкерлері есірткімен байланысты заң бұзудың 3,5 мың фактісін анықтады. Оның мыңнан астамы – есірткімен байланысты қылмыстар. 750 есірткі сату, 200 аса ірі көлемде есірткі сақтау фактісі тіркелді. Шамамен 2 тонна (1,9) түрлі есірткі өнімі тәркіленді. Оның 4 келіге жуығы героин, 41 келісі синтетикалық ескіткі болған», - деді басқарма басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, жыл басынан бері есірткі саудасына қатысы бар 6 ұйымдасқан қылмыстық топ әшкереленіп, серкелерінің үстінен 12 қылмыстық іс қозғалған. Топтардың 3 басшысы, 30 мүшесі қылмыстық іске тартылып, контарбанданың 50 фактісі анықталған.
«Қазақстандағы есірткі саудасының даму үрдісі мынадай жайттардан қалыптасып отыр. Біріншіден, Жамбыл облысындағы Шу жазығында каннабистің шикізат базасы бар. Сондай-ақ, Қызылорда облысында сора өсіру тыйылмай отыр.
Ауғанстаннан келетін героиннің «солтүстік маршрут» бойынша өтетін трафигі орталық Қазақстан аумағы арқылы Ресей мен Еуропаға бағытталады. Іргелес елдерден синтетикалық есірткінің контрабандасы келеді. Қазақстанның өз ішінде де синтетикалық есірткі өндірісін зертханалық жағдайда жолға қою талпысы азаймай тұр», - деді департамент өкілі.