Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, елде адам саудасына қатысты 107 қылмыс тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Адам саудасына қатысты қылмысты тергеу тәжірибесі жетілдіріліп келеді. Жыл басынан бері елде мұндай санатта 107 қылмыс тіркелді. Сотқа 58 қылмыстық іс жолданды. Көп жағдайда бұл қылмыстар ұйымдасқан және трансұлттық сипатқа ие. Осыған байланысты ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментін құрып, оның құрылымында адам саудасымен күрес басқармасын ашу көзделіп отыр», - деді Ерлан Тұрғымбаев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыру барысы туралы өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасына қатысты мәселеге жеке тоқталып, бұл бағытта тіркелетін қылмыстарды анықтау үшін нақты шараларды қабылдауды тапсырған болатын.
«Адам құқығын қорғау – күн тәртібінде . Бұл мәселе бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл адам саудасымен күреске де қатысты. Бұл ретте шешілмей жатқан мәселе көп. Тіпті жағдай күрделі деп те айтуға болады. Адам саудасы туралы халықаралық рейтингтер мен баяндамаларда Қазақстанның жағдайы онша емес. Мен бұл мәселеге Жолдауда жеке тоқталдым. Ендігі кезекте барлық уәкілетті органдардың батыл әрі үйлесімді әрекеті керек. Қазақстанның заңнамасын халықаралық стандарттарға сай бейімдеген абзал», - деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.