09 ақп, 2020 сағат 11:06

ІІМ: Қордайдағы оқиға кезінде полиция ешқандай қару қолданған жоқ

Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Қордайдағы қақтығыс болған күні полиция қару қолданбағанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сол күні Қордай ауданының Масанчи және Сортөбе ауылдарындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Мерке, Тұрар Рысқұлов және Шу аудандарынан қосымша күш жұмылдырылған. Алайда агрессивті жастар полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындаудан бас тартып, оларға тас және темір заттарды, тіпті қару қолданып, белсенді түрде қарсылық көрсеткен», - деді Алексей Калайчиди ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Осыдан кейін оқиға орнына Ұлттық ұлан сарбаздары келіп, түнгі екі шамасында қақтығыстың беті қайтқан.

«Өкінішке қарай, осы қақтығыс барысында 10 адам көз жұмды. 43 адам ауруханаға жеткізілген. Қазіргі таңда ауруханада әлі де 39 адам жатыр. Зардап шеккендердің ішінде біздің бес қызметкеріміз бар. Үшеуі оқтан жарақат алды. Бірақ полицейлер қару қолданбады. Себебі қақтығыс елдімекенде әрі түнгі уақытта болып жатқан еді. Өрт кезінде 25 тұрғын үй, 31 коммерциялық нысан мен 41 автокөлік зақымдалды», - деді ол.

Қазіргі уақытта қақтығысқа қатысқандардың 2 аңшы қаруы, 2 пистолет пен өртеуші сұйықтық толтырылған 54 бөтелке тәркіленген.