02 қар, 2022 сағат 16:38

ІІМ кәмелетке толмағандардың шетелге шығу тәртібін өзгертпек

Фото: elements.envato.com

Ішкі істер министрлігі кәмелетке толмаған қазақстандықтардың шетелге шығу тәртібін өзгертпек, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов адам саудасымен айналысатындар балаларды халықаралық шараларға шақыру желеуімен елден алып кететінін айтады.

Жоспарланған өзгерістер туралы Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов айтты.

"Іс жүзінде біз жыныстық және еңбек қанауы, бала асырап алу мақсатында жаңа туған балалардың саудасы, адам ағзаларының саудасы және қайыр сұрауға мәжбүрлеу сияқты қылмыстармен бетпе-бет келеміз. Қылмыс объектісіне айналатын көбіне балалар болғандықтан осы мәселе ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондықтан 16 жасқа толмаған азаматтардың Қазақстаннан кету тәртібі өзгереді", - деп түсіндірді ол адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі форумда.

Марат Ахметжанов балалардың шетелге шығуы бақыланатынын, ата-анасының рұқсатынсыз бөгде адам баланы шетелге әкете алмайтынын айтты. 

"Бірақ бізде балаларды жалған құжатпен немесе алдау арқылы халықаралық іс-шараларға апаратын жағдайлар кездеседі. Содан кейін оны қайтару қиынға соғады. Мұнда біз қырағылық танытып, олардың қайда бара жатқанын, қандай мақсатта кететінін біліп алдын-алуымыз керек", - деп түсіндірді министр.