Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов ескерту сияқты жазаны қоғамдық жұмыстарға алмастыруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ол Конституцияның жаңа өзгерістеріне сәйкес қоғамдық жұмыстарды сот қаулысымен де тағайындауға рұқсат етілгенін еске салды.
"Осының аясында "ескерту" сияқты жазаны "қоғамдық жұмыстарға" ауыстыруды ұсынамыз. Бұл құқықбұзушы үшін заңды бұзбауға жеткілікті мотивация болады деп санаймыз", - деді Ахметжанов Үкімет отырысында.
Айтуынша, қазір Әділет министрлігі қоғамдық жұмыстарды заңнамалық реттеу мәселесін пысықтап жатыр. Ал әкімдер қоғамдық жұмыстардың түрлері мен көлемін анықтап, жұмыс орындарын дайындауы қажет.
Тиісті бақылауды Ішкі істер министрлігі жүргізеді. Сондай-ақ ІІМ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындар үшін психо-түзету курстарын енгізуді жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтар бойынша жазаны қатаңдату көзделген. Қайталанған құқықбұзушылықтар үшін әкімшілік қамауға алу мерзімін 20-дан 25 тәулікке дейін ұзарту ұсынылды.