Egovpress Telegram арнасының бейнежазбасынан кадр. Фото: Vesti.kz, © Тұрар Қазанғапов
Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сөнтаев Астанадағы сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде болған төбелестің мән-жайын айтып берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Осыған дейін әлеуметтік желілерде баласымен жүрген ер адамға шабуыл жасап, оны жұдырықпен ұрған азаматтың кәсіпқой боксшы, экс-әлем чемпионы Бейбіт Шүменов екені туралы ақпарат пайда болған еді. ІІМ вице-министрі бұл деректі растады.
"Иә, ол - Бейбіт Шүменов. Бұзақылық бойынша қылмыстық іс қозғалды, қазір онымен айналысып жатырмыз. Ол жерде қылмыс ауырлығы шамалы, сараптаманы күтіп отырмыз", - деді Сөнтаев Үкімет кулуарында.
Вице-министрдің айтуынша, бұл істі қарап, қылмыс құрамын таппаған учаскелік инспекторға қатысты қызметтік тексеру басталған.
"Қызметтік тексеріс басталды, ол қатаң жазаланады. Күні кеше министр осы мәселені көтерді, ол жазаланады", - деп сендірді Сөнтаев.
Сондай-ақ, журналистер вице-министрге "соққыға жыққан адамның кәсіпқой боксшы болуы жауапкершілікті ауырлата ма" деген сауал қойды.
"Ол ұзақ уақыт бойы бокспен айналыспады, сараптама нәтижесі қандай болатынын күтейік", - деп жауап берді ІІМ басшысының орынбасары.
Сөнтаевтың сөзінше, төбелес кезінде Шүменов сау болған.
"Бала зардап шеккен жоқ, бірақ жәбірленуші қылмыстық іс қозғалуын талап етіп отыр", - деді вице-министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін желіде белгісіз азаматтың қолында баласы бар ер адамды ұрғаны көрінетін видео тарады. Оқиға Астанадағы сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде болған.
Astana TV арнасының ақпаратынша, ойын алаңында екі бала келіспей қалады. Содан екеуінің әкесі жанжалдасып, арты төбелеске ұласқан. Оқиға орнына келген полицейлер бұрынғы әлем чемпионы Бейбіт Шүменов пен қала тұрғыны Азизбек Қадыровтың төбелесіп қалғанын анықтаған. Бала ұстап тұрған ер адам жарақат алды, оны сот-медициналық сараптамаға жіберген.