Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің қазасына байланысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
ІІМ баспасөз қызметі мәліметінше, 9 қазанда түнгі сағат 01:00-де Ұлттық ұлан 6636 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі - қатардағы Сұлтанов кезекші бөлімшенің құрамында бола тұра, бекітілген штаттық қарудан өзінің басына жарақат салып, салдарынан қаза болған.
"Осы факт бойынша Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, оны тергеу тәжірибелі қызметкерлерден құрылған жедел-тергеу тобына тапсырылды.
Қазіргі уақытта оқиға орны қаралып, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Айғақтар, атап айтқанда қаза тапқан әскери қызметшінің ұялы телефоны мен бейнебақылау камераларының жазбалары алынды. Тергеу барысында қатардағы Сұлтановтың оқиға орнында жалғыз болғаны анықталды.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және тергеудің жан-жақтылығын қамтамасыз ету үшін Сұлтановтың әскери әріптестерінен, оның командирлерінен, басқа адамдардан жауап алу, сондай-ақ тиісті кешенді сараптамалық зерттеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жәбірленуші жақтың уәждері де толық тексеріледі.
Алдын-ала тергеу нәтижелері бойынша оқиғаға құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы ерекше бақылауда", – деді ҚР ІІМ әскери-тергеу департаментінің бастығы Серікбай Құсайынов.
Бұдан өзге ақпарат тергеу мүддесінде Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.