Фото: sf-kras.ru
Отандық ғылымның жағдайын жасап, жай-жапсарын реттеп отыратын мекеме Ғылым ордасы осыдан 77 жыл бұрын құрылған еді. Осынша уақыт бұл орталық елдегі ғылыми-зерттеу жұмыстарының үйлестірушісі болып, отандық ғылымның дамуына үлес қосып келеді, – деп хабарлайды Ult.kz.
Бүгінде оның 228 академик және корреспондент-мүшесі тіркелген. Сонымен қатар 20-ға жуық шетелдік және 100-ден аса құрметті мүшесі және бірнеше ұжымдық мүшелері мен профессорлары бар. Осыдан 2 ай бұрын Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілді.
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының департамент директоры Руслан Нұрлыбаевтың айтуынша, оған қоса, экономикалық, әлеуметтік және рухани жағынан да өрлеуіне мұрындық болып отыр.
«Ғылымдағы ғалымның статусын көтеру туралы жас ғалымдар өз ұсыныстарын айтты. Қазір мемлекеттен бөлінетін гранттық қаржыландырулар бар. Осыған орай, жас ғалымдарымыз гранттық қаржыландырулардың өзгертілуін, мемлекеттік бағдарламалардағы шетелдік тағылымдамадан өтетін гранттардың түрлері, солардың талаптарын жеңілдету мақсатында және де жалпыға бірдей жарияланатын гранттар болуын өз ұсыныстарын жасады», – деді Руслан Нұрлыбаев.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін ғылымға бөлінетін қаржыны ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына жеткізуді міндеттеп отыр. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қоғамдық кеңес мүшелері мен сарапшылардың талқылауына «Ғылым мен жоғары білімді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жобасын ұсынды. Минстрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлерін жан-жақты қолдау мәселелеріне назар аударады. Осы жылдан бастап отандық ғылымның дамуындағы жаңа кезең басталады. 1200-ге жуық ғалым гранттарды жеңіп алғанына немесе алмағанына қарамастан жалақы алатын болады. Кепілдендірілген қаржыландыру үздіксіз зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін болады.
Ал ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Президент жанындағы ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиевтің айтуынша, ғылым мен білімді екінші орынға қойған мемлекет ешқашан, ешбір салада бірінші орынға шыға алмайды.
«Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігі жақсы қағида дайындады, ол бойынша ұлттық бағдарламаларға бөлінетін гранттарға қатысатын ғалымдардың 40 пайызы жастар болуы керек. Екіншіден, үлкен академик-профессорлардан бөлек, ғалымдарға грант жариялағанын, шетелге тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 500 грант бөлінгені жақсы жаңалық. Еліміздегі 22 мыңнан астам ғалымның 35 пайызы жастар. Алдағы уақытта ғылымдағы жастардың үлесін 52 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Мәселен, соңғы бірнеше жылда ғылым саласына мыңнан астам жастар келді. Ғылым саласындағы өзекті мәселенің бірі – орта буын өкілдерінің тым аздығы», – дейді Кәрімбек Құрманәлиев.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан 77 жыл бұрын Ғылым ордасы құрылған болатын. Бүгінде оның 228 академик және корреспондент-мүшесі тіркелген. Сонымен қатар 20-ға жуық шетелдік және 100-ден аса құрметті мүшесі және бірнеше ұжымдық мүшелері мен профессорлары бар мекеме биыл Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесін алды. Ал биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі ғалымдар мен ғылыми ұйымдардың, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметкерлерін жан-жақты қолдау мәселелеріне назар аударылып жатыр.