Сурет: ашық дереккөз
Ғылым және жоғары білім министрлігі талапкерлер ең көп құжат тапсыратын жоғары оқу орындарын атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Kazinform басылымына сілтеме жасап.
Ведомствоның дерегі бойынша, республикада 120 ЖОО жұмыс істеп тұр. Оның 11-і ұлттық, 29-ы мемлекеттік, 14-і азаматтық емес (әскери, құқық қорғау мамандарын даярлайтын) 1-уі автономды, 1-уі халықаралық, 16-сы акционерленген, 48-і жеке меншік.
"Бүгінде Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда орналасқан танымал жоғары оқу орындарының тізімі өзгеріссіз қалып отыр. Оның ішінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Л.Гумелев атындағы ЕҰУ және өзгелері бар", - деп жазылған жауапта.
Өңірлік жоғары оқу орындарының ішінде шетелдік университеттердің филиалдары ашылған ұйымдардың бәсі жоғары екені де айтылған.
"Стратегиялық серіктестік аясында барлық өңір оқу орындарында жетекші шетелдік ЖОО-лардың филиалдары ашылып жатыр. Олардың бәрі жастардың үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Мысалы, былтыр М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің базасында ашылған Аризона университетінің филиалына 18 өңірден талапкерлер келіп түсті", - дейді министрліктегілер.