04 қыр, 2019 сағат 13:05

Гүлшара Әбдіқалықова Мәжіліс комитетінің төрайымы болды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлшара Әбдіқалықова Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болып сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның кандидатурасын ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин ұсынды.

«ҚР Парламенті Комитеттері мен комиссиялары туралы заңның 8-бабына сәйкес, мен осы орынға Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың кандидатурасын ұсынамын. Гүлшара Наушақызы көптеген лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Барлық салада білімі де, тәжірибесі де жеткілікті. Сондықтан, осы комитетті басқару үшін Гүлшара Әбдіқалықова лайықты деп есептеймін», - деді Нұрлан Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.

Гүлшара Әбдіқалықованың кандидатурасын барлық депутаттар мақұлдады.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің жаңа депутаттары - Гүлшара Әбдіқалықова Нұржан Әшімбетов және Жұлдыз Омарбекова ант берді.

Депутаттық мандатқа дейін Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Премьер-Министрінің орынбасары болған еді. Ол 1965 жылы 15 мамырда Қызылорда облысында туған. 1987 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.

1987-1994 жылдары Қызылорда облыстық халықты әлеуметтік қорғау басқармасында аға инспектор, бөлім бастығы болып жұмыс істеген. 1994-1995 жылдары – ҚР Жоғарғы кеңестің халықты әлеуметтік қорғау комитетінің консультанты, 1995-2003 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, зейнетақымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы, әлеуметтік қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмек департаментінің директоры, зейнетақымен қамтамасыз ету және халықтың кірісін реттеу департаментінің директоры лауазымдарында жұмыс істеді. 

2003-2005 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, 2005-2006 жылдары – «Өмірді сақтандыру компаниясы – Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ басқармасының төрайымы, 2006-2007 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, 2007-2008 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы, 2008-2009 жылдары – президенттің кеңесшісі, президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрайымы, 2009-2012 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, 2012-2013 жылдары – президенттің кеңесшісі, 2013-2014 жылдары – премьер-министрдің орынбасары; 2014-2019 жылдары – Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы болған.