Фото: elements.envato.com
Бүгін экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚазАқпарат агенттігінің жазуынша, іс №2 Байқоңыр аудандық сотында қаралған.
«Гүлмира Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлігі бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Сонымен қатар, Гүлмира Сатыбалды Қылмыстық кодекстің 28-бабы 3-бөлігі 1,8-тармағы және осы баптың 125-бөлігінің 2-тармағы бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және 7 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын», - деді судья Кемеңгер Имашев үкімді оқи отырып.
Судья Г. Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігі негізінде барынша қатаң жаза тағайындалғанын айтты.
«Гүлмира Сатыбалдыға 7 жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 49-бабы негізінде Президентке мемлекеттік награда - «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізілсін», - делінген сот үкімінде.
Бұған дейін Антикор Гүлмира Сатыбалдыға қатысты кәсіпорындардың қатысу үлестерін заңсыз иемдену, соның ішінде адам ұрлаумен ұштасқан екі факті бойынша тергеу аяқталғанын мәлімдеген еді.
Жәбірленушіге келтірілген залал сомасы 6,6 миллиард теңгеден асады. Тергеу кезінде айыпталушы мемлекетке 8 млн доллар көлеміндегі қаржыны қайтарды.
Гүлмира Сатыбалды, оның бақылауындағы "Ария-Жаңа Астана" ЖШС компаниясының басшылығы және мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары объектілерді салуға бөлінген бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді.
Прокурор оған мүлкін тәркілеусіз сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.