07 сәу, 2020 сағат 12:50

Графика мен орфографияға үнемділік жат па?

Назира ӘМІРЖАНОВА,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Тіл мәдениеті бөлімінің  меңгерушісі, ф.ғ.к.

Соңғы кездегі жазудағы үнемділік мәселесіне кейбір ғалымдар қарсы пікір білдіріп, жазудың үнемділігі деген «ұлттықты жою», «еуропацентристік көзқарасты қабылдау», «батыс тіл қисынын қазаққа сіңдіру», «батысты көшірмелеу» деген уәждер айтылады. Шын мәнінде, тілге үнемділік керек пе, жоқ па? тілдің жазба жүйесіне үнемділік жат па? Біздіңше, үнемділік жалпы кез келген тілге тән құбылыс және ол тілдің барлық деңгейінде көрініс табады. Мысалы, фонетика, орфография, орфоэпия, морфология, синтаксис салалары ішкі әрі жеке заңдылықтары арқылы іске асады және бұл салалардың өзіндік үнемділік принципі бар. Мысалы, фонетика-фонология ілімі бойынша дыбыстардың саны шексіз, бірақ таңбаланатыны негізгісі. Морфологиядағы үнемділік сөздердің бірігу және кірігуі. Мысалы, оның деген есімдік сөзді ашатын болсақ – ол/ның, биыл деген сөз – бұл жыл. Тіпті -нікі жұрнағын тарататын болсақ, нің+кі жұрнағы екенін білеміз.

Жазба тілдегі үнемділік орфография мен графикада көрініс табады. Орфографияда белгілі бір сөз семантикалық (мағыналық) қарсылыққа ұшырамаса, сөз үнемді жазылады. Ал сөздің мағыналық бөлшегі бұзылса, үнемділік сақталмайды. Мысалы, рақмет сөзін кейбір ғалымдар рақымет деп жазу керек деп жүр. Жалпы қазақ орфографиясында бейүндес буын жіктерінде қысаң [ы], [і] дауыстыларының таңбалануы мен таңбаланбауы қиындық келтіретіні рас. Бірақ ы мен і дыбыстарын жазу не жазбау белгілі себептерге байланысты шешіледі. Мысалы: зақмет – зақымет, рақмет – рақымет, қызмет – қызымет, үкмет – үкім ет, лағнет – лағынет (лағінет) т.б. келтірілген сөздерді қысаңдармен жазып, оппозициялық жікке бөліп за-қы-мет, ра-қы-мет, қы-зы-мет десек, сөйлеу процесінде бұл сөздердегі <қ>, <з>, <ғ> дауыссыздары [ы], [і]-нің шылауында айтылады да, өзгеше реңкке (біршама созылыңқы айтылуы тәрізді) ие болатынын байқаймыз. Мұндай фонетикалық әсердің нәтижесінде бұл сөздердің дыбыстық құрылымы ритмикалық тұтастықпен айтылатын зақым ет, рақым ет, үкім ет тәрізді еркін тіркестердің дыбыс құрылымымен бірдей болып шығады. Ал бұл сөздердің [ы], [і] дауыстыларынсыз түріндегі <қ>, <з>, <ғ> фонемаларының реңкі өзгеше болып (келте, кілт айтылуы), ритмикалық тұтастықпен айтылатын еркін тіркестерден өзгеше дыбыстық құрылымға ие болады деп, 90-жылдары профессор Н.Уәли сияқты грамматолог ғалымдар ғылыми тұрғыдан талдап көрсеткен болатын. Рақмет сияқты сөздердің ы немесе і-мен жазылуы не жазылмауы екі түрлі сөзді ажыратуға септігін тигізетін өзгешелікті ажыратуға байланысты екенін байқап отырмыз. Сондықтан қызмет, зақмет, лағнет, рақмет, құрмет сияқты сөздердің жазылуы біріншіден, ғылыми дәлелі бар мәселе болса, екіншіден, орфографиядағы үнемділік мәселесі.

Орфографиядағы үнемділікті тілдің ішкі заңдылығы реттеп отырады. Мысалы, түбір сөзге дауыстыдан басталатын қосымша жалғанғанда түбір сөздің соңғы буынындағы қысаң дауыстының түсіріліп немесе түсірілмей жазылуы орфография ғылымында үлкен проблема. Ауыл – аулы (ауылы), ерін – ерні (еріні), иық - иығы (иғы), мұрын – мұрны (мұрыны), мүлік – мүлкі (мүлігі), бауыр – бауыры (бауры) сияқты сөздердің жазылу модельдері бір қалыпты жүйелілікті сақтамайды. Осындай сөздердің жалпы саны 100 пайыз деп шартты алатын болсақ, оның 8 пайызы ғана осы ережеге бағынады. –Лы- тіркесті модельді алатын болсақ: құлық-құлқы, құлып-құлпы, халық-халқы. бірақ: құлын – құлыны, жалын-жалыны, жұлын-жұлыны, қалып – қалыбы, тағылым-тағылымы т.б. Көріп отырғаныңыздай, барлық сөз үнемдеуге көнбейді, тіл өзі сұрыптайды, өзіне керегін үнемдейді.

Үнемділік графика саласында да ескеріледі. Кез келген тілде графикалық жүйе үнемділік принципіне байланысты құрылады. Егер әліпби үнемді құрылмаса, онда әліпбидегі әріптердің саны қанша боланынын айту қиын. Себебі дыбыс көп. Дыбыстар өзара іргелес келіп бөгде, бөтен реңктерді тудырады. Сол реңктердің барлығына әріп арналмайды. Әріп тек мағына ажырататын, қарым-қатынасқа тікелей әсер беретіндерге арналады.

Кез келген тілде әліпби үнемділігіне баса назар аударылады. Мысалы, орыс тілінің әліпбиі туралы профессор Н.Яковлев «орыс әліпбиі біршама экономды әрі тиімді. Бұл тиімділік пен экономдылық палатализацияланған дауыссыздарға арнайы таңба арналмай, жіңішке белгісі арқылы шешілуі әліпби түзудегі тапқырлық» деген сөзінен көрінеді. Кирил әліпбиі үнемділік принципін ұстанбаса, 36 дауыссыз дыбысқа 21 әріп арнамас еді.
Араб әліпбиінде үнемділікті фатха, дамма, кесра, сукун таңбалары қамтамасыз етеді:


َ — фатха;
ِ — касра;
ُ — дамма;
ْ — сукун.
Көрсетілген  белгілер дауысты дыбыс бар екенін және оның қандай дауысты дыбыс екенін көрсетеді.
Ағылшын әліпбиі де үнемді әліпби. Ағылшын әліпбиінде 26 әріп, бірақ тілінде 44 дыбыс бар. Үнемділік негізге алынбаған десек, ағылшын тілінде қысқа, жіңішке, созылыңқылықты білдіретін төмендегі дыбыстарға да әріп арналуы керек еді:
[ ʌ ] – [ а ] – қысқа;
[ a: ] – [ а ] – созылыңқы;
[ i ] – [ и ] – қысқа;
[ i: ] – [ и ] – созылыңқы;
[ o ] – [ о ] – қысқа;
[ o: ] – [ о ] – созылыңқы;
[ u ] – [ у ] – қысқа;
[ u: ] – [ у ] – созылыңқы

Қазақ қоғамында қолданылған орхон, араб, төте, латын әліпбилерінің қай қайсысын айтсақ та, үнемділік принципін алға қойған. Біз білетін әрі оны жоғары бағалайтын ұлттық әліпби деп танитын Байтұрсынұлы әліпбиі де үнемді әрі математикалық тұрғыдан ойластырылған әліпби. Байтұрсынұлы әліпбиінде тек дыбыс пен әріп арақатынасына байланысты үнемділік қана емес, әріптің тұрпаты да үнемділікке құрылған.А.Байтұрсынұлы әліпбиінде 43 дыбысқа 24 әріп арнайды. 24 әріп 12 тірек таңба арқылы жасалады. 12 таңба әртүрлі жолмен модификациялап, 24 әріпке жеткізгенін көруге болады.
Қорыта айтқанда, үнемділіктен қорқып, байбаламдамай, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда «тілге шағын» қабылдауымыз қажет.