26 жел, 2021 сағат 05:10

Горбачев: Совет Одағы құлағаннан кейін АҚШ "тәкаппарлыққа ұрынды"


Совет Одағы құлағаннан кейін АҚШ "тәкаппарлыққа ұрынып", "өзіне сенімді бола бастады". СССР басшысының қызметтен кетуіне 30 жыл толуы қарсаңында ресейлік ақпарат құралдарына сұхбат берген Михаил Горбачев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Азаттық.

90 жастағы Горбачевтің пікірінше, Батыста әсіресе, АҚШ-та одақ тарағаннан кейін "триумфаторлық көңіл-күй" орнаған. СССР-дің бұрынғы президенті 24 желтоқсанда Ресейдің мемлекеттік РИА "Новости" агенттігіне берген сұхбатында Кремльдің келіссөз кезінде позициясы әлсіз болды, себебі Совет Одағының құлауына 1991 жылы экономикалық хаос түрткі болды деп атап өтті. 

"Мұндай жағдайда АҚШ, Батыс елдерімен қалайша тең қарым-қатынас орнатамын деп үміттенуге болады? Бұл бір. Екіншіден, Батыстағы триумфаторлық көңіл-күй. Бұл әсіресе, АҚШ-та байқалды. Олар тәкаппарлыққа ұрынып, өзіне сенімді бола бастады" деді Горбачев сұхбатта. 

Горбачев НАТО мен Украинаға байланысты дау ушыққан тұста АҚШ-ты "жаңа империя құрғысы келеді" деп айыптады. Алайда ол Мәскеу мен Вашингтон арасындағы қауіпсіздік бойынша алдағы келіссөзді жылы қарсы алып, "нәтижесі болар деп үміттенемін" деді.


Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.