11 ақп, 2022 сағат 16:30

Германияның «Жасыл Орталық Азия» бастамасында Қазақстан негізгі рөл атқарады


Неміс компаниялары Қазақстан 2060 жылға қарай жоспарлап отырған климаттық бейтараптыққа қол жеткізуге маңызды үлес қоса алады. Сондай-ақ, Қазақстан Германияның «Жасыл Орталық Азия» бастамасында негізгі рөл атқарады. Бұл туралы ГФР-дің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі уәкілі Маттиас Лютенберг мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Германия мен Қазақстан ұмтылып отырған экономиканы декарбонизациялау да - маңызды оқиға. Тәжірибеге, тұрақты инвестицияға және заманауи технологияларға бай неміс компаниялары Қазақстан 2060 жылға қарай жоспарлап отырған климаттық бейтараптыққа қол жеткізуге маңызды үлес қоса алады. Сондай-ақ Қазақстан Германияның «Жасыл Орталық Азия» бастамасында негізгі рөл атқарады. Оның көмегімен біз климаттың өзгеруі және аймақтағы қақтығыстардың алдын алу бойынша трансшекаралық ынтымақтастықты күшейткіміз келеді», - деді Маттиас Лютенберг ҚР СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында. 

Сонымен қатар неміс уәкілі Қазақстанға жасалған сапардың ерекше екенін жеткізді. 

«Екіжақты ынтымақтастығымызды алдағы 30 жылда одан әрі дамыта әрі тереңдете түсуге негіз көп. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, атап айтқанда министрдің орынбасары мырза, қонақжайлығыңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Осы айтулы, ерекше күні Қазақстанда болғаныма өте қуаныштымын», - дейді мейман.