ГФР еліміздің БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүшелікке өтуіне қолдау танытты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі кездесуде адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге және демократиялық қоғам құруда Қазақстандағы демократиялық реформалардың күн тәртібі талқыланды. Неміс тарапы осы саладағы дәйекті бастамаларды іске асыру барысымен, оның ішінде азаматтық қоғамды нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін азаматтардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту мәнмәтінімен танысты. ҚР СІМ басшылығы атынан Германияға 2022-2024 жылдарға арналған БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне мүшелікке қазақстандық өтінімді қолдағаны үшін ерекше алғысымды білдіргім келеді», - деді Роман Василенко министрлікте өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министрдің айтуынша, Германия - Қазақстанның жетекші сыртқы экономикалық әріптесі.
Және Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі неміс бизнесі үшін басты нарық болып отыр.
«Бүгінде Қазақстан мен ГФР арасында 35-тен астам келісім жұмыс істейді. Аталған келісімдерге Мемлекет басшысының 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда Германияға сапары барысында қол жетті. Неміс инвесторларымен жұмыс жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы, Берлин Еуразиялық клубы және сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы сияқты қазақ-герман экономикалық дипломатия институттары жемісті жұмыс істеп жатыр», - дейді ол.