Фото: Akorda.kz
VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газ тарифі мәселесіне тоқталды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Былтыр тауар газының тапшылығына тап болдық. Бұл жағдай бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіре жаздады. Мұндай келеңсіздікке жол бермеу үшін нарықты газбен қамтамасыз ету керек. Қазақстанда газдың бағасы көрші мемлекеттерге қарағанда әлдеқайда арзан. Шетелдегі сияқты әртүрлі тарифтерді бізге де енгізу мүмкіндігін қарастырған жөн.
Жалпы, төмен тарифтер мен төмен бағалар экономикамызға теріс ықпал етеді. Бөлінген барлық субсидиялар көрші елдерге босқа кетеді. Қаншалықты қиын болса да, бұл мәселені біртіндеп шешу қажет. Басқа жол жоқ.
Қазіргі уақытта зәулім үйлерін күндіз-түні төмен тарифпен жылытатындар үшін жаңа жүйе бойынша газдың текшеметрі қымбатырақ болуға тиіс. Әлеуметтік әділдік дегеніміз – осы.
Қолда бар шикізатты пайдалану тиімділігін арттыру маңызды. Күнделікті тұрмыста да, мемлекет деңгейінде де үнемдеп үйрену керек. Бұл – әлемдік тәжірибе. Оның өзектілігі қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында күшейе түсті.
Өндірісте де, тұрмыста да газды арзан екен деп бей-берекет жаға беруге болмайды. Мұны доғару керек. Үкімет тауар газының энергетикалық тиімділігін арттыру және оны үнемді пайдалану жоспарын әзірлеуі қажет» - деді Мемлекет басшысы.