Қазақстанда газбен жүретін көліктерге арнайы белгі жапсыру міндеттелуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер айтты.
«Әзірге екі белгінің эскизі жасалды. Оның біреуі автокөліктің алдыңғы терезесіне жабыстырылады. Ол паркингте кірген жағдайда көрініп тұруы керек. Олардың жабық паркингке кіргенін күзетшілер немесе бейнебақылау арқылы білуге болады. Кедендік одақтың теникалық регламенттеріне сәйкес, жол полициясы бензиннен газға ауысқан көліктің техникалық паспортына арнайы белгі соғуы тиіс», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Екінші эскиз - газбен жүретін көліктердің жабық автотұраққа кіруіне тыйым салатын белгі болмақ. Тыйым салу белгісі жабық автотұрақтың кіреберісіне қойылады.
В. Беккердің айтуынша, әзірге бұл белгілер қабылданған жоқ. Шамамен, 2020 жылдың ортасында бекітілуі мүмкін.
Айта кетейік, 2019 жылдың желтоқсанында ҚР өрт қауіпсіздігі ережелеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізген Үкімет қаулысы қабылданды, онда газбен жүретін көліктердің жабық паркингтерге кіруіне тыйым салынды.
«ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 410-бабы (Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу немесе орындамау) бойынша азаматтық қорғаныс органдары ереже бұзғандарға 5 АЕК немесе 12 мың теңгеден астам айыппұл сала алады.