Қарап отырсақ, қазақтың көрнекті жазушыларының қай-қайсы да небір алмағайып замандардың өзінде бір-біріне хат жазу дәстүрін үзбегенін аңдаймыз. Бұл, бір жағынан, қаламгерлердің өзара шығармашылық лабораториясы арасындағы байланысты нығайтқан. Екіншіден, осынау хаттардан ақын-жазушыларымыздың жекелей шеберліктерін шыңдауға ұмтылуымен бірге қашанда биік елдік мұраттарды көксегенін көреміз. Ал олардың Екінші жиһан соғысынан кейін ел біршама есін жиып, әдебиетіміз бен мәдениетіміз дүр сілкіне өркендей түскен елуінші-алпысыншы жылдар аралығында сонау хат алысып, бір-бірімен пікірлесіп отыру салтын мейлінше дамыта түскені өз-өзінен түсінікті болар.
Классиктеріміз Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов шығармаларымен қатар көпқырлы қазақ прозасын дамытуға айтарлықтай үлес қосқан қаламы қарымды Ғабдол Слановтың әріптес ағасы Әлжаппар Әбішевке жазған бір хатынан талай жәйтке куә болып, көл-көсір сырға қанығамыз. Олай болса хатқа кезек берейік.
Қадірлі Әлжаппар!
Есен-сау боларсың. Москвадан өзіңе де, бала-шағаңа да, жазушы жолдастарыма да сәлем. Ғабит, Дихан, Ғабидендер де есендікте. Өзім қонақжайда бір айдан аса жатқан соң бағасы екі есе артты да, оны қалта жағым көтере алмайтын болып, баспаның дәл қасынан бір бөлме жалдап алып жатырмын. «Кеңөріске» енгізген қосымшаларымның аудармасы Бородиннен тез келе қоймай жатыр. (Көлемі үш баспа табақтай еді). Әлі кешіктіре берсе басқа аудармашыға жөндететін болып келісіп тұрмыз. Өзге нобайын редактор екеуміз түгел қарап болғанбыз, ол машинкаға қайта басылып болуға да жақындады. Енді орысшаға енген өзгерістерін қосымшаларымен қабат қазақшасына түсіріп жатырмын. «Жаңа өмірдің» биылғы баспа жоспарында бар еді ғой, соған лайықтап дайындай беру керек болды. Түзеткен жақтарымды Алматыға жіберіп, машинкаға бастыра беру жағына қам жасаудамын. Алматыдағы үлкен ағалар қолайлы тапса қазақшасын КИХ-лға қайта бастыру жайы да ойымда бар. Мұндағы қалған бос уақытым осыған кетіп жатыр. Сенің «Кең өріске» сіңірген жолдастық еңбегің бар еді, оны ұмытпаспын. Кезінде уақытың болса, түзетілген түрін саған тағы бір оқытып алсам ба деймін. Қазіргі күйінде көлемі де, мазмұны да біраз тереңдеген секілді. Өз ойымша, бұл қалпында тәуір болды-ау деймін. Сенің жолдастық адал ниет, қамқорлықтарыңа шапан жабатын уақытым да келер. Асықпа.
Ғабит ағай мен екеуміз Кирьяновқа кезек қыңқылдап жүріп, бәрімізге ортақ бір игіліктің басын қайырған секілдіміз. Шет жағасын телефонмнен де айтып едім ғой. Кирьяновтің ол уәдесі мынандай: прозалық шығармаларды (әрине, өзімізше орысша басылуға жарайды-ау дегендерін) тікелей қазақша күйінде баспа қабылдап ала беретін болды. Ғабиттің «Оянған өлкесін» сол уәде бойынша алды. Өздері осындағы қазақтарға рецензиялатып, сонсоң жарамды десе жолма-жол аудармасын да өздері жасатпақ. Сенің «Терең тамырларың», меніңше, осы жөнінен жолы ашық тұрған нәрсе ғой деймін.
Жолма-жол аудармасы бар ғой. Соны Кирьяновтың атына (бір данасы қолыңда бар шығар) жөнелте бер.Не өзің келсең ала кел. Айтпақшы, тап жуық арада (март ішінде) мұнда келе қалуыңды Ғабит ағай қолайлы демейді. Себебі, жақында сессия шақырылуы мүмкін ғой. Ол кезде қонақжайлардан орын алу да қиын, «Москва» қонақүйін ондай кезде өзге жолаушылардан босатып та қоятын көрінеді. Және өзге қонақжайларға (сондай босатылған жолаушылар ағылады ғой).
Онан соң альманахтың редколлегия мүшелері оқып болмай сенің «Терең тамырларыңа» тиянақты не дей қояды. Қазір Снасыров оқып жатса керек. (Қалжанның айтуы солай). Оған дейін «Советский писатель» де бір пікірге келуін күтіп, екі жағын бірге тындыруға біржола асықпай келсең болмас па! Осыны ойланып көрші.
Менің де пікірім сенің повесің жаман шығарма емес, іске асатын нәрсе. Осы пікірді Гольцевқа мен де айттым, Қалжан да айтыпты. Кирьяновқа Ғабит ағай мен екеуміз кезек-кезек айттық. Сондықтан, баспаға да бір данасын жіберіп қоюыңды мақұл табамыз.
Ал онан соң саған айтатын бір пікірім: «Жас түлектеріңнің» дәрежесі «Терең тамырлардан» кем емес қой. Соны Москвада бастыру жағын тағы бір неге қозғап көрмейсің? Қайтадан қарап та шығарсың. Осыны да ойланып көрші. Менің өз ойым – «Жас түлектер» кезінде «Жанартаудан» дәрежесі артық болып шығып еді. Оған Ғабиттай консультантыңның айтқан ақылдары да, мүмкін, себепші болған -ды. Ал мен «Жанартау» жөнінде ақылшым жөнді бағыт сілтемегенінен соғылған жоқ па едім?! Рас, ол кезде бұл пікірге тоқтай алмай, үстірт, қызып кетіп ұрындым ғой. Енді ойлансам, бізде тап Ғабиттей дұрыс бағыт айтатын сыншы аға жоқ-ау деймін. Неғұрлым қатты талап қоятын сыншы кісінің ақылы қандай пайдалы! Мұны бірақ әлі ұға алмай келдік қой, әттең! Орынсыз мақтаған сыншы жазушыға адам айтқысыз зиян ететінін енді ғана қалыңырақ түсінген секілдімін. Осы жөнінен Ғабиден ағай маған өкпелі болып жүрген көрінеді. Анау күнгі мақалама да, баяндамама да риза емес екен. Оның үстіне «Правданың» Павел жазған мақаласын талқылағанда (осы айдың 18-і күні, жазушылар ұйымының ұлттық бюросы мәжілісінде) мен анау белгілі екі ақсақалымыздың жікшілдігі өрши түспесе, басылмағандығын айта келіп, Ғабиден біресе Сәбит жақта, біресе Мұхтар жақта болып жүргендігін айтып едім. «Жас түлектерді» де мисалға алып, Нұртазиннің Сәкең ықпалымен бүркеншік атпен жамандағанын, ондай «құпия» хат болмағанда «Жас түлектер» ендігі Москвада басылып шығатындығын айтқанмын. Және де Ғабиденді соңғы әзірде біреулердің (Мұхтардың) бұза бастағанын, Сәбитке қарсы айдап салып жікшілдікті қоздырып жүргенін, ал Ғабиден біздер секілді қатардағы адал достарының пікірлерімен санасудан кеткенін айтқан едім. (Стенограммасы Алматыға баратын болар, оқып пікіріңді айтарсың, өзімше ортақ, әділ пікір айттым ғой деп білем). Егер теріс кеткен жерім болса, тап сен мені адастырмассың, барған соң көзіме шұқып көрсетуіңді өтінем.
Я, стенограмманы оқып, Ғабиден ағай маған мүлде ашуланып қалыпты. Шын пиғылым, Ғабиденге қылдай қастығым болса бұйырмасын. Ғабиден ағайдың алдында менің бағым шамалы ғой, мүмкін ол тең тұтпай, сөзіме қарай өзімді алмай, өзіме қарай сөзімді алатын шығар. Тіпті ол жөнінде бір ауыз да сын айтпасын десе, бұдан былай үн қатпай-ақ қоярмын. Бірақ баспада отырған кезімде осындай бір беталды бейтарап болғанымды («Шығанақтың», «Миллионердің» қайта басылуы бар, «Қарағандының» әуелгі басылуы бар) маған да, Ғабиден ағайға да, әдебиетімізге де ешқандай пайда келген жоқ-ты. Ал Ғабиден ағай жетісіп болдым десе, әрине, үлкен хаталасады. Сол хатасын қайтсек мойындатамыз? Оған өзінің көзін жеткізбесек, біздің оған жолдас болғанымыз қайсы?
Ол, әлбетте, Ғабиденге түбі үлкен зиян болып шығады. Осы хата Ғабиденді Сәбитпен жауықтыруға да апарып соқты. Есті, ақыл, жасы кемеліне келген Ғабиден ағай тап осыны түсінбесе, жаман ұятқа қала ма деп қорқам. Жікшілдіктің бар пәлесі жалғыз Сәбит ағайдың ғана басында ма? Таразының екі басын бірдей басқан жөн емес пе, ә, Әлжеке? Сәбит ағайда ақсақалдық бар, жазғандары салақ. Ал оның бар пиғылы арам дегенге мен мүлде қосылмаймын. Өзімнен пікір дәме еткен жер болса, мұны ашық айта да алармын. Хата жақтарын да бұрынғы айтқаным айтқан. Әдебиет деген пікірталассыз болмайтын нәрсе ғой. Бірімізді біріміз сынамай өту үшін әдебиет майданынан мүлде қол үзіп кету керек. Партия сына деп міндет артып отырғанда, біріміздің мінімізді біріміз көрсетпей отыра алармыз ба? Қалай дейсің, а?
Қой, оттап кеттім. Доғарайын. Ал, қош, жеделдес аға. Есендікпен қауышайық. Ғабдол. Қазіргі жатқан адресім: Москва, М.Горького – 17. кв.40.
Хаттың жазылу мерзімі көрсетілмеген. Дегенмен, кейбір детальдарға қарап, бұл сонау елуінші жылдың екінші жартысы ма деп шамалаймыз.
Мұнда бір анық бір байқалатын нәрсе – Ғабдол өз еңбектерімен бірге өзге де қазақ жазушылары шығармаларының, оның ішінде Әлжаппар ағасы дүниелерінің орыс тіліне аударылуы жайына баса назар аударады. «Ғабит ағай мен екеуміз Кирьяновқа кезек қыңқылдап жүріп, бәрімізге ортақ бір игіліктің басын қайырған секілдіміз. Шет жағасын телефонмен де айтып едім ғой. Кирьяновтің ол уәдесі мынандай: прозалық шығармаларды тікелей қазақша күйінде баспа қабылдап ала беретін болды. Ғабиттің «Оянған өлкесін» сол уәде бойынша алды. Өздері осындағы қазақтарға рецензиялатып, сонсоң жарамды десе жолма-жол аудармасын да өздері жасатпақ. Сенің «Терең тамырларың», меніңше, осы жөнінен жолы ашық тұрған нәрсе ғой деймін. Жолма-жол аудармасы бар ғой. Соны Кирьяновтың атына жөнелте бер» – дейді хатта.
Расында да, көп жайттың көркем аударма мәселесіне байланысты екені белгілі. Көптеген талантты қазақ жазушыларының тамаша еңбектерінің алыс шет елдерді былай қойып, кезіндегі КСРО аймағына таныла алмауы, міне, сол аударма ісіне мән бермеуден еді. Бүгінгі күндері де көп айтылатын әлемдік әдебиет кеңістігінен көріну де сол тәржіма ісіне тікелей қатысты екені мәлім. Ал өз тұсында сондай заңдылықты жақсы білген Ғабдол Сланов өз еңбектерінің аударылуына ерекше көңіл бөлгенін көреміз. Айталық, кейін бұл қаламгердің «Течение мечты», «Степь да степь», «Огнедышащая гора», «Дальние просторы», «Буйное русло», «Кричаший камень» сынды еңбектері бұрынғы Кеңес одағы оқырмандарына кеңінен тарады. Ғабдол Сланов өзі де көркем аудармамен айналысқан адам. Ол кезінде Александр Фадеевтің «Молодая гвардия» романын қазақшалаған.
Хатта сондай-ақ қазақ қаламгерлерінің күні бүгінге дейін көрініс беріп қоятын жікшілдік жайын да байқап, ойға қаламыз. Дегенмен, хат авторы: «Әдебиет деген пікірталассыз болмайтын нәрсе ғой. Бірімізді біріміз сынамай өту үшін әдебиет майданынан мүлде қол үзіп кету керек» дегенді алға тартады. Иә, ол да рас. Әдебиет те өмірдің тура өзі секілді қияпат бір майдан шығар!..
Құлтөлеу Мұқаш, жазушы