19 нау, 2021 сағат 14:18

Еуропарламент депутаты: Еуроодақ үшін Қазақстан жақын және сенімді серіктес

Еуропа Парламентінің депутаты Андрис Америкс Бельгиядағы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады.

«Қазақ халқын және басшылығын Наурыз мерекесімен құттықтау мен үшін үлкен құрмет әрі шынайы қуаныш. 

Қыс кетіп, көктем келгенде, табиғат жаңа өмірге оянғанда, Күн сәулесі үйге ғана емес, адамдардың жүрегіне де жеткенде, сіздер көктем мерекесі – Наурызды атап өтесіздер. Бұл мереке сіздер үшін ерекше, өйткені ол жаңа жылды, жаңа мүмкіндіктер ашатын жаңа бастаманы білдіреді. 

Бүкіл әлем қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешіріп жатқан уақытта кез келген жаңа бастама бәріміз үшін үлкен өзгерістің белгісі болмақ. Менің ойымша, қазір адамдарға ең қиыны артта қалды және алдымызда бізді жарқын болашақ күтеді дейтін уақыт келді. 

Барша халқыңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын және еліңіздің әр азаматының үйі көктемгі күн сәулесімен жылынып, жүректерінде жаңа күнге артар үміттің бүршік атуын тілеймін. 

Еуропалық Одақ үшін Қазақстан – ынтымақтастық үшін жақын және сенімді серіктес және біздің қарым-қатынасымыздың серпіні қарқынды дамуда. Сондықтан Еуропарламент, Қазақстан халқы мен басшылығы арасындағы ынтымақтастық одан әрі тығыз әрі тиімді болатынына сенімдімін. 

Қазақстандықтарға бұдан әрі де ұлы және гүлденген ел құруды, ал Қазақстан басшылығына байырғы даналықты, позитивті ойлауды және Қазақстанды дамыту үшін маңызды шешімдер қабылдауда алтын орта таба білуді шын жүректен тілеймін», – деп атап өтті Еуропалық парламенттің депутаты, ЕО-Қазақстан, ЕО-Қырғызстан, ЕО-Тәжікстан және ЕО-Өзбекстан, сондай-ақ Түркіменстанмен және Моңғолиямен (DCAS) қатынастар жөніндегі парламенттік ынтымақтастық комитеттеріндегі делегация төрағасының орынбасары Андрис Америкс.